
Алматы облысында «SAQTAN» әлеуметтік жобасы аясында жүргізілген профилактикалық жұмыстар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ойын-сауық орындарында заң талаптарын бұзу деректері азайып, мекеме басшыларының жауапкершілігі арта бастаған.
Тамыз-қараша айлары аралығында жоба аясында полиция қызметкерлерімен бірлескен түнгі рейдтер Қонаев және Алатау қалаларында, сондай-ақ Қарасай, Іле, Талғар және Жамбыл аудандарында өткізілді. Іс-шаралар кезінде жастар жиі жиналатын қоғамдық орындар, мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары тексерілді.
Негізгі назар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруінің алдын алуға, ойын-сауық орындарында заң талаптарының сақталуына, сондай-ақ жасөспірімдерге алкоголь, темекі және вейп өнімдерінің сатылуына жол бермеуге аударылды.
Жоба ұйымдастырушыларының мәліметінше, жүргізілген рейдтер барысында 175 әкімшілік хаттама рәсімделген. Оның ішінде 79 хаттама кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне, 61 хаттама балаларды қараусыз қалдыруға, 12 хаттама ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарауына байланысты толтырылған. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері бойынша 20, ал кәмелетке толмағандар жасаған ұсақ бұзақылыққа қатысты 3 әкімшілік хаттама рәсімделген. Бұдан бөлек, 26 ата-анаға ескерту берілген.
Дегенмен жобаның басты мақсаты әкімшілік жаза қолдану емес, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқық бұзушылыққа араласуының алдын алу болды. Осы бағытта рейдтермен қатар ата-аналармен, жасөспірімдермен және ойын-сауық орындарының әкімшіліктерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«SAQTAN» әлеуметтік жобасының жетекшісі Әділет Айтқазының айтуынша, профилактикалық іс-шаралар ойын-сауық орындарындағы жағдайға оң әсер еткен.
«Біз байқаған оң өзгерістердің бірі – 2025 жылмен салыстырғанда биыл ойын-сауық орталықтарында заң талаптарын бұза отырып жүрген кәмелетке толмағандар санының азаюы. Бұл – жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі деп есептейміз. Қазіргі таңда ойын-сауық орындарының басшылары мен әкімшілері де өз жауапкершілігін жақсы түсініп, «Заң және тәртіп» қағидатын қолдауға басымдық беріп келеді. Олар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта мекемелерде заңсыз болуына жол бермеуге көбірек көңіл бөлуде», – дейді Әділет Айтқазы.
Айта кетейік, «SAQTAN» әлеуметтік жобасы 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі бағыттары – жастар арасында нашақорлықтың, суицидтің, лудоманияның, вейпингтің және өзге де зиянды әдеттердің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жоба аясында түнгі рейдтермен қатар ақпараттық-түсіндіру кездесулері, профилактикалық семинарлар, спорттық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз орта қалыптастыруға және ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталды.
«SAQTAN» әлеуметтік жобасын «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты аясында, Алматы облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асырады.


