Алматы облысында 4 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды

31e4cff0-adb5-4845-909f-e43cbb49b43c.jpeg

Алматы облысында «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңсыз айналымнан 12 тоннадан астам есірткі заты тәркіленіп, синтетикалық есірткі өндіретін 4 жасырын зертхананың қызметіне тосқауыл қойылды.

Аталған іс-шараның қорытындысы Алматы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында жарияланды. Жиында облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бағдат Әшімов 2026 жылғы 1 маусым мен 31 қазан аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады.

Оның айтуынша, есепті кезеңде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 12 тонна 674 келі 631 грамм есірткі заты тәркіленген. Сонымен қатар 83 есірткі қылмысы тіркеліп, 278 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бірқатар ірі есірткі қылмысының жолы кесіліп, нәтижесінде 32 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Есірткінің таралуына қарсы күресте интернет кеңістігін бақылауға да ерекше назар аударылған. Нәтижесінде есірткі заттарын жарнамалаған 695 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды. Ал есірткі саудасынан түсетін заңсыз қаржы айналымын шектеу мақсатында «Антифрод-орталығы» жүйесіне 20 470 төлем деректемесі енгізілді.

Іс-шара аясында облыстың барлық аумақтық полиция бөлімшелерінде 11 арнайы жедел топ құрылып, «Алматы – Бішкек» және «Алматы – Өскемен» бағыттарында 2 мобильді бекет ұйымдастырылды. Сондай-ақ жедел-профилактикалық жұмыстарға өзге құқық қорғау және мемлекеттік органдардың 55 қызметкері қосымша жұмылдырылды.

Бағдат Әшімовтің айтуынша, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Негізгі басымдық синтетикалық есірткінің таралу арналарын анықтау мен жоюға, заңсыз қаржы ағындарын бұғаттауға және есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тартуға бағытталады.

Полиция департаментінің басты міндеттерінің бірі – есірткі қылмыстарының жолын кесумен қатар, оның қоғамға, әсіресе өскелең ұрпаққа тигізетін зиянды әсерінің алдын алу.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Алматы облысында 4 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды
  • Проект «SAQTAN»: в Алматинской области отмечают положительные результаты работы по обеспечению безоп
  • SAQTAN» жобасы: Алматы облысында жасөспірімдер қауіпсіздігі бойынша оң нәтижелер байқалды
  • Қазақстан Халық Кеңесінде білім беру, ғылым және адами капиталды дамыту жөніндегі бастамалар қаралды
  • Инициативы по развитию образования, науки и человеческого капитала рассмотрели в Қазақстан Халық Кең