Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің тірегі және қоғаммен тікелей байланыс орнататын сенімді институт. Мемлекет пен азаматтар арасындағы көпір бола алатын, қоғам мүддесіне жұмыс істейтін кәсіби аппарат қалыптастыруда жастардың рөлі ерекше. Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік қызметке жастардың қызығушылығы артып келеді. Бұл қызығушылықты тұрақты кадрлық ресурсқа айналдыру үшін жүйелі әрі нақты жұмыстар атқарылуы қажет.
Қазіргі жастар – ақпараттық технологияны жетік меңгерген, бірнеше тілді білетін, бастамашыл және жаңашыл буын. Олар ашықтық пен нәтижеге бағытталған басқару үлгісін қалайды. Сондықтан мемлекеттік қызметті жастар үшін тартымды ету – ұлттық мүдде.
Алматы облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бірнеше маңызды бағыттар іске асырылуда.
Біріншіден, жоғары оқу орнын үздік дипломмен, мемлекеттік оқу грантымен аяқтаған түлектер ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдіктерге конкурссыз тағайындала алады. Бұл норма талантты жастарды мемлекеттік қызметке ертерек тартуға және олардың қабілеттерін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік орнатылған. Университеттерде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, ақпараттық кездесулер мен семинарлар тұрақты түрде өткізіледі. Бұл студенттердің мемлекеттік қызметтің мүмкіндіктерімен ерте танысуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, оқу орындарында “Мансап орталықтары” арқылы кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілуде.
Үшіншіден, “Жас мемлекеттік қызметші” жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында жаңа қызметкерлерге тәлімгерлер бекітіледі, бейімделу кезеңінде оқыту семинарлары өткізіледі, өңірлік және республикалық жобаларға қатысу мүмкіндігі беріледі. Жастар кеңестері арқылы олардың ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсетіледі.
Мемлекеттік қызметке жастарды тартуда ашық және әділ іріктеу жүйесі маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда конкурстар электронды форматта, «Е-қызмет» платформасы арқылы жүргізіліп келеді. Бұл тәсіл адами фактордың ықпалын азайтады, білімі мен біліктілігіне қарай іріктелуге мүмкіндік береді және жастардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттырады.
Мемлекеттік қызметке келген жастарды ұзақ мерзімге ұстап қалу – кадрлық тұрақтылық пен сапаның кепілі. Бұл бағытта жүйелі мансаптық даму жолы қарастырылған. Әр қызметкерге жеке даму жоспары құрылып, оған сәйкес оқыту курстары ұсынылады. Конкурс арқылы жоғарылау мүмкіндігі де айқын көрсетілген.
Мемлекеттік органдарда жүзеге асатын жобаларға жастар белсенді тартылып, нақты нәтижеге жауапты болады. Бұл олардың жауапкершілігін арттырып, тәжірибесін нақты іске байланыстыруға мүмкіндік береді. Көптеген мекемелерде жастарға арналған кеңселер, коворкинг аймақтары, бейресми пікір алмасу алаңдары ашылуда. Икемді жұмыс уақыты мен нәтижеге негізделген бағалау жүйесі енгізіліп келеді.
Жастар үшін мемлекеттік қызметтің тартымдылығы тек жалақымен емес, мансаптық өсу мүмкіндігімен, қоғамға пайдалы болу ниетімен және жауапкершілікке ие болу сезімімен анықталады. Осы құндылықтар нақты іске асқанда мемлекеттік қызмет жастардың таңдаулы бағытына айналады. Сондай-ақ, жас мемлекеттік қызметшілердің жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау қажет.
Алдағы уақытта Агенттік үздік түлектерге арналған конкурссыз қабылдау жүйесін кеңейтуді, IT саласының жас мамандарын тарту үшін арнайы бағдарламаны енгізуді, жастармен кері байланыс тетіктерін күшейтуді және жас мемлекеттік қызметшілер форумдарын өткізуді жоспарлап отыр.
Жастар – мемлекеттің қуатты ресурсы. Мемлекеттік қызмет – ел дамуына тікелей үлес қосатын сала. Егер жастардың білімі мен жігері осы жүйеге тиімді енгізілсе, еліміздің басқару жүйесі мықты, тиімді және халыққа жақын бола түспек. Алматы облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жастарды мемлекеттік қызметке тарту және оларды қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
ҚР Мемлекеттік Қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Сунатиллаев Ділмұрат Сайфуллаұлы


