
Көктем жетіп, күн шуағы төгіліп, жер тоңы жібіген сәтте аудан диқаншылары жылдағы дәстүрге сай егін егуге қамданып, техникаларын майлап, бар құрал-жабдығын сайлап, көктемгі дала жұмыстарына дайындықтарын бастап кетті.
Егін егу науқаны агарарлы ауданымыздағы диқаншылар үшін жауапты кезең.

Жалпы айтқанда аудан көлемінде ірілі – уақты 34 шаруашылық бар. Олар 28 825 гектер суармалы егіс алқабына егін егуді жоспарлап отырса, оның 5800 гектарына күріш, 4412 гектарына бидай, 1328 гектарға арпа, 16057 гектар жоңышқа шөбі егілсе, қалған суармалы жерлерге көкөніс дақылдары егіледі.
Егін егу жауапты науқанды абыройлы аяқтауды мақсат тұрқан шаруашылықтардың бірі Ақдала ауылдық округіндегі «Марат» шаруа қожалығы. Аталмыш шаруашылықтың көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын өткен аптада аудандық ауыл шаруашылғы бөлімінің бас маманы Әлібек Бөпешбаевпен бірге арнайы барып қайттық.
Сапар барысында «Марат» ШҚ-нің меңгерушісі Нұркен Пұшановпен сұхбаттастық. Диқаншының айтуынша өздерінің шаруашылықтарына тиесілі 600 гектар суармалы егіс алқабы бар. Биылғы жылы аталған егіс алқаптың 120 гектарына бидай егуді жоспарлап қойған. Ал көктемгі дала жұмыстарына төрт «МТЗ-80, екі «МТЗ-1221» және «Т-150» тракторлары, сонымен қатар екі соқа, екі тұқым сепкіш, екі жер тегістегіш (Грейдр) және екі жер тырмалағыш құралдары дайын тұр. Егін егу жұмыстарына қажетті жанар–жағар майлары да, техникалардың қосалқы бөлшектері де, егіс алқабына сіңіретін дәнді дақыл тұқымын да жыл басынан әзірлеп қойған.
Егін егуге ерте қамданған шаруашылықтың бар жұмысын ойдағыдай атқарып жүрген механизаторлар Бақытжан Төлебаев, Ғалым Қоржынбаев және Нұргелді Сағат сынды азаматтарды да сол жұмыс басынан кездестірдік. Олар жылдағы әдетке айналған жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен.
Иә, «Көктемнің бір күні жылға азық»-деген қанатты сөзді дана халқымыз бекерден-бекер айтпаса керекті. Күн жылынып, жердің тоңы сөгілгенді асыға күткен диқаншылар қауымына қол қусырып отыруға болмайды. Ауы райының қолайлы сәттерін ұтымды пайдаланған диқаншылар өзгелерден көш ілгері қадам басатыны сөзсіз. Сондықтанда жауапты науқан кезінде диқаншылар ерте тұрып кеш жатып, көктемгі дала жұмыстарын сәтті аяқтауға бар күш-жігерлерін салады деп ойлаймыз.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ, «Балқаш өңірі».


