
Аудан орталығы Бақанас ауылынан шалғайда орналасқан Қарой ауылында 2 мыңнан астам тұрғын бар. Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігі - мал шаруашылығы болғандықтан, кешке мал өрістен қайтар мезгілде бәріміздің басымыз бір жерде қосылады. Сол кездері барлығымыздың айтатын әңгімеміздің ауаны алда келе жатқан Құрылтай сайлауы төңірегінде өрбиді. Әркім өз білгендері мен естіген әңгімелері жөнінде айтып, көпшілікті одан хабардар етіп отырады.
Сонда байқағаным, Құрылтай сайлауына деген елдің назары ерекше.Еліміздің жарқын болашағына олар үлкен үмітпен қарап отыр десем,ақиқаттан алшақ кетпейтін шығармын.
Баяғыда “Ырыс сен қайда барасын?” деп сұрағанда,еш іркілместен “Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге барамын” деген екен.Сол әфсанада айтылғандай, Балқаш елінің де ел-жұрты жұдырықтай жұмылып, бір үйдің баласындай,бір қолдың саласындай ауызбіршілікпен осы Құрылтай сайлауын да жоғары деңгейде өткізетініне сенімім мол.
Ахан Жолдыбаев, зейнеткер,Балқаш ауданының Құрметті азаматы.


