
Жыл басынан бері тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаментке 4 311 өтініш түсіп, 178 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Бұл туралы Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ермек Әбікенов баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Спикердің айтуынша биыл тұрғындар тарапынан өтініш 3 есеге артқан. Бұл азаматтардың өз құқықтарын қорғауға деген белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді.
«Тұрғындардың өтініштері көбіне электрондық сауда, тұрмыстық және білім беру қызметтері мен коммуналдық салаға қатысты. Негізгі мәселелер – ақшаны қайтармау, сапасыз тауар сату және шарт талаптарын орындамау. Есепті кезеңде 178 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар бойынша 4 384 799 теңге айыппұл салынды,» - деді Ермек Әбікенов
Мамандардың айтуынша, тұтынушы өз құқығын білуі және заң тұрғысында өзін қорғай алуы керек. Ол үшін тауар сатып алған кезде кассалық чекті, келісімшартты, сатушымен жазысқан хаттарды және өзге де дәлелдемелерді сақтап қою маңызды. Ал, дау туындаған жағдайда алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша наразылық жолдауы міндетті. Егер заңды талаптар орындалмаса, уәкілетті органға жүгінуге болады. Айта кетейік, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.


