
Еліміздің дамуы мен болашағы үшін маңызды саяси оқиғалардың бірі – референдум. Бұл – халықтың өз таңдауын жасап, мемлекет тағдырына тікелей ықпал ететін маңызды қадам. Осындай тарихи сәтте әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігі аса қажет.
Ақсақал ретінде айтарым, біз талай кезеңді бастан өткердік. Елдің тәуелсіздігін көрдік, оның қалыптасуына куә болдық. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір мен тұрақты мемлекетті аманат ету – біздің ортақ міндетіміз. Референдум – сол аманатты сақтап, елдің ертеңін бірге айқындайтын мүмкіндік.
Бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан өзгерістер мен бастамалар халықтың қолдауына сүйенуі тиіс. Ал референдум – сол халық пікірін білдіретін ең әділ жолдардың бірі. Әр азамат дауыс беру арқылы елдің дамуына өз үлесін қоса алады.
Менің ойымша жастарды, барша халықты ел тағдырына бейжай қарамай, осындай маңызды шешімдерге белсенді қатысуға шақырамын. Бірлік пен ынтымақ бар жерде мемлекетіміздің болашағы да жарқын болмақ.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Бақыт СҚАБАЕВ, аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы.


