
Конституция – елдің бүгінгі тыныс-тіршілігін ғана емес, ертеңгі даму бағдарын да айқындайтын маңызды құжат. Ол мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің, тұрақтылық пен бірліктің құқықтық негізі болып саналады.
Констиуциялық қағидаттардың өзегінде адам мүддесі мен қоғам игілігі тұруы қажет.
Жаңарған Конституция ел болашағына бейжай қарамайтын әр азамат үшін маңызды. Себебі Ата Заңдағы өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесіне, қоғамдық қатынастарға және азаматтардың құқықтық санасына әсер етеді.
Құқықтық мемлекеттің негізі – заңның үстемдігі. Заң алдында барлығы тең болып, әрбір азаматтың құқығы қорғалуы тиіс. Бұл қағида тек мемлекеттік органдардың қызметіне ғана емес, күнделікті қоғамдық қарым-қатынасқа да қатысты. Заңды құрметтеу, өзгенің құқығын бұзбау, қоғамдық тәртіпті сақтау – өркениетті қоғамның басты белгілері.
Сонымен қатар елдің тұрақты дамуы үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу, ғылым мен инновацияны қолдау, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау бағыттарына назар аудару қажет. Өйткені бүгінгі өзгермелі әлемде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі азаматтарының біліміне, бастамашылдығына және жаңашылдыққа бейімділігіне байланысты.
Ата Заңның мәні оның қағаз жүзінде бекітілуімен ғана шектелмейді. Оның әрбір қағидаты қоғам өмірінде жүзеге асып, азаматтардың күнделікті тіршілігінен көрініс табуы маңызды. Ол үшін мемлекет пен халық арасында өзара сенім, ашықтық және ортақ жауапкершілік болуы керек.
Конституция – тек заңдар жиынтығы емес, елдің болашағына бағыт беретін ортақ құндылықтар жүйесі. Оны құрметтеу, талаптарын сақтау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру – барша азаматтың міндеті. Әділетті қоғам құру жолы заңға деген құрметтен, азаматтық жауапкершіліктен және ел тағдырына деген жанашырлықтан басталады.
Жаңа Конституция-әрдайым жаңа белестерге бастайды.
Күмісбек Ербаев,журналист.


