29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы

image.png

Абиболла Андас Аниатоллаұлы - 1982 жылы Бақанас ауылында дүниеге келген.

1999 жылы Бақанас ауылындағы №1 орта мектепті бітірген. 1999–2004 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінде білім алып, «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Ал 2007–2009 жылдары Экономика және құқық академиясында оқып, «Құқықтану» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін иеленген.

Әскери міндетті. Әскери атағы – запастағы лейтенант.

Еңбек жолын 2004 жылы «Жер ресурстары және жерге орналастыру жөніндегі ғылыми-өндірістік орталығы» Алматы филиалында жерге орналастырушы маманы болып бастаған. Аталған мекемеде 2008 жылға дейін еңбек еткен.

2008–2009 жылдары Балқаш аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы қызметін атқарған. 2009–2014 жылдары «Нұр Гео Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы болып жұмыс істеген.

2014 жылы Алматы облысы Іле ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Темір Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы ретінде еңбек етіп келеді.

 

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Туған жердің дамуы – ортақ мақсат, ел сенімі – үлкен жауапкершілік!

Бұл өңір маған жат емес. Қарой топырағында ата-бабамның кіндік қаны тамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өмір жолы мен тарихы жатыр. Менің де терең тамырым осы өлкемен біте қайнасқан. Сондықтан Қараой мен Көктал ауылдарының әрбір жетістігіне қуанып, тұрғындарын толғандырған мәселелерге бейжай қарай алмаймын. Туған жердің өркендеуі, ауылдың ажарлануы, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы – мен үшін азаматтық парыз әрі перзенттік міндет.

    Аудан орталығы Бақанас ауылынан шалғай орналасқан Қараой мен Көктал тұрғындарының талап-тілегі мен күнделікті тұрмысында өзіндік ерекшеліктер бар. Дегенмен шалғай орналасқанымызды кедергі ретінде қабылдамай, керісінше, ауылымыздың табиғи байлығы мен мүмкіндіктерін тиімді пайдалануымыз қажет деп есептеймін.

Мен аудандық мәслихат депутаты болып сайланған жағдайда, ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген өзекті мәселелерді тек аудандық деңгейде ғана емес, облыстық және республикалық деңгейде көтеруге күш саламын. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін ауыл халқына жеткізуге, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беремін. Өйткені ауылдың болашағы – оның экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындарына қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыруда.

 Президент Жолдауын іске асыру – ауыл жастарының болашағына инвестиция

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ауылдық аумақтарды дамыту, жастарға қолдау көрсету, бұқаралық спортты өркендету мәселелеріне айрықша назар аударылып келеді. Осы бағыттағы мемлекеттік бастамаларды Қараой мен Көктал ауылдарында жүзеге асыру – негізгі мақсаттарымның бірі.

Заманауи спорт кешенін салуға ықпал ету. «Халықтық құрылыс – 2027» бастамасы аясында облыстық және республикалық бюджеттен тиісті қаржы қарастыру мәселесін көтеріп, Қараой ауылында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің (ДШСК) салынуына бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік жасау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру – ұлт болашағы үшін маңызды міндет.

Бұқаралық спортты дамыту. Ауыл балалары мен жасөспірімдеріне арналған күрес, бокс, футбол және басқа да спорт түрлері бойынша тегін үйірмелер мен секциялар ашуға ықпал етемін. Білікті жаттықтырушыларды тарту, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, ауылішілік және аудандық деңгейдегі жарыстарды тұрақты өткізу мәселелеріне басымдық беремін. Әрбір баланың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы тиіс.

Жастардың бастамаларына қолдау көрсету. Жастардың білім алуына, кәсіп меңгеруіне, жұмыспен қамтылуына және өз кәсібін ашуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімді болуына ықпал етемін. Жастар ауылда болашақ бар екеніне сенуі керек. Ол үшін олардың өз туған жерінде еңбек етіп, кәсіби тұрғыдан дамуына мүмкіндік жасау маңызды.

Экологиялық және этнотуризмді дамыту. Балқаш көлінің табиғи көріністерін, өңірдің флорасы мен фаунасын, тарихи-мәдени ерекшеліктерін туристік бағытта кеңінен танытуға күш саламын. Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының экологиялық маңызын ескере отырып, табиғатқа зиян келтірмейтін туристік бағыттарды қалыптастыруға ықпал етемін. Бұл ретте табиғи ортаны қорғау, экологиялық талаптарды сақтау және жергілікті тұрғындардың мүддесін ескеру басты назарда болады.

Халықпен ашық байланыс – депутат жұмысының басты қағидасы.

Депутаттың негізгі міндеті – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қою емес, оны шешудің нақты жолдарын іздеп, тиісті орындарға жеткізу. Сондықтан сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын назардан тыс қалдырмаймын.

Қараой мен Көктал ауылдарының тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, өзекті мәселелерді бірлесе талқылау;

Азаматтардың өтініштері мен талап-тілектерін тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, олардың орындалуына бақылау жасау; Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді аудандық және облыстық мәслихат деңгейінде көтеру;

Мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

Жастардың, ардагерлердің, көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың ұсыныстары мен мәселелеріне ерекше көңіл бөлу.

Мен үшін депутаттық қызмет – мәртебе емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Тұрғындардың сенімін ақтау, олардың мүддесін қорғау және ауылдың дамуына нақты үлес қосу – басты ұстанымым.

Мен жалпы орындалмайтын құрғақ уәде беруден аулақпын. Өйткені кез келген мәселенің шешімі нақты жоспарға, жүйелі жұмысқа және ортақ жауапкершілікке байланысты. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың Қараой мен Көктал ауылдарына бағытталуына бар күш-жігерімді жұмсаймын.

Туған жердің өркендеуі – бір адамның ғана емес, барша ауыл тұрғындарының ортақ мақсаты. Сондықтан елмен етене араласып, әрбір азаматтың пікіріне құлақ асып, ортақ іске бірлесе атсалысуға дайынмын.

Менің артымда ата-бабамның аманаты, туған жерге деген перзенттік парызым және сіздердің сенімдеріңіз тұр. Сол сенімге селкеу түсірмей, Қараой мен Көкталдың дамуы жолында адал еңбек етуге ниеттімін.

Туған жердің болашағы – өз қолымызда!

Бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ болса, алынбайтын асу жоқ!


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Строительство набирает темпы: с какими результатами Казахстан подходит к Году Всенародной большой ст
  • Құрылыс қарқыны артып келеді: Қазақстан Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылына қандай нәтижелермен қад
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы
  • 29 қараша-ҚР мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы