
Мемлекеттің өркендеуі – оның құқықтық жүйесінің беріктігімен, қоғамдағы әділдік пен азаматтардың өзара сенімімен тығыз байланысты. Ал осы құндылықтардың барлығын біріктіретін негізгі құжат – Конституция. Ата Заң елдің даму жолын айқындап қана қоймай, әрбір азаматтың өміріне, құқығы мен міндетіне тікелей әсер ететін маңызды құқықтық негіз болып табылады.
Жаңа Конституция – қоғамның өзгерістерге деген сұранысын, заман талабына сай жаңғыру қажеттілігін көрсететін маңызды бастама. Оның мазмұны мен негізгі қағидаттары елдің ертеңіне деген жауапкершілікті арттырып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және қоғамдық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталуы тиіс. Мұндағы басты ұстаным – адам мүддесін жоғары қою, азаматтардың құқығын қорғау және заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ету.Қазіргі қоғамда әділеттілік ұғымының мәні ерекше. Әділ қоғам дегеніміз – әр адамның еңбегі бағаланатын, құқығы қорғалатын, мүмкіндігіне қарай дамуына жағдай жасалатын орта. Мұндай қоғамды қалыптастыру үшін заң талаптарының баршаға бірдей орындалуы, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі және азаматтардың белсенділігі маңызды рөл атқарады.
Конституциялық жаңғырудың тағы бір маңызды бағыты – халықтың мемлекет басқару ісіне деген сенімін нығайту. Азаматтардың қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай, ел дамуына қатысты бастамаларға қатысуы демократиялық құндылықтардың орнығуына ықпал етеді. Өйткені мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қоғамның бірлігімен, азаматтық ұстанымымен және ортақ мақсатқа жұмыла білуімен өлшенеді.Әсіресе жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру – болашаққа салынған инвестиция. Жастар Конституцияның мәнін түсініп, өз құқықтары мен міндеттерін білуі қажет. Заңды құрметтейтін, әділдікті ту ететін, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ қана мемлекеттің дамуына үлес қоса алады.
Конституцияның құндылығы оның қағидаттарының күнделікті өмірде орындалуымен өлшенеді.
Күмісбек Ербаев,журналист.


